Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні БҰҰ Қазақстанның көшбасшылығын жоғары бағалады

Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні БҰҰ Қазақстанның көшбасшылығын жоғары бағалады

Нью-Йорк, 2025 жылғы 3 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күннің он бес жылдығына арналған жоғары деңгейлі пленарлық отырыс өтті. Биылғы күн ерекше мәнге ие болып, алғашқы ядролық жарылыстың және БҰҰ құрылуының 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Ұйым мінберінен сөйлеген қатысушылар Қазақстанға бұл форумды жыл сайын өткізу бастамасы және қарусыздану мен таратпау режимін нығайтуға қосқан тұрақты үлесі үшін ризашылықтарын білдірді.

БҰҰ Бас Ассамблеясының Төрағасы Филемон Янг 1945 пен 1996 жылдар аралығында әлемде екі мыңнан астам ядролық сынақ жүргізілгенін еске салды. Бұл сынақтар адамдардың денсаулығына ауыр зардап тигізіп, қоршаған ортаны ұзақ мерзімге ластағанын атап өтті. Сондай-ақ ол 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешімі жаһандық деңгейде сынақтар жарысын тоқтатуға бағытталған күш-жігердегі бетбұрыс сәт болғанын айтты.

БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу Бас хатшының атынан сөйлеген сөзінде Қазақстанның бастамасымен жарияланған Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн тек еске алу күні ғана емес, сонымен бірге ядролық сынақтардан азат әлемге ілгерілеуге арналған пәрменді халықаралық платформа екенін атап өтті. Ол Қазақстанның өз үлгісі арқылы, соның ішінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың негізгі сессияларына төрағалық ету арқылы, ядролық сынақтарға тыйым салу техникалық мәселе ғана емес, моральдық әрі стратегиялық қажеттілік екенін айқын көрсетіп отырғанын жеткізді.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд бұл Шарт ядролық сынақтарды тоқтатуға арналған жалғыз әмбебап әрі заңды күші бар құрал болып қала беретінін атап өтті. Оның арқасында ядролық жарылыстарды жүргізу тәжірибесін тоқтатып, 300-ден астам сертификатталған нысаннан тұратын бірегей жаһандық верификация жүйесін құруға мүмкіндік туды, олардың бесеуі Қазақстанда орналасқан. Бұған дейін, 29 тамызда, ол Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен бірлескен мәлімдеме жасап, онда тараптар Шарттың күшіне енуіне қол жеткізу және оның верификация режимін одан әрі нығайтуға бейілділігін растады, сондай-ақ мемлекеттерді сынақтарға мораторийді сақтауға және ратификация процесін жеделдетуге шақырды.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздерін келтіріп, Семей полигонының қасіреті қайталанбауы тиіс екенін және болашақ ұрпақ үшін бейбітшілікті нығайту, халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету және ядролық сынақтарға толық тыйым салуға қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ бұл саясаттың нақты көрінісі ретінде Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы Семей шартын және Қазақстан мен Кирибатидің бірлескен бастамасы – ядролық сынақтардан зардап шеккендерді қолдау мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған Халықаралық сенімгерлік қорын құру жөніндегі бастаманы еске салды.

Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге орай БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған дәстүрлі қабылдауға БҰҰ Хатшылығының басшылары, мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері, сондай-ақ сарапшылық қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Өз сөздерінде мәртебелі қонақтар Изуми Накамицу мен Роберт Флойд бұл күннің ядролық сынақтардан және олардың қайта басталу қаупінен азат бейбітшілік үшін күш-жігерді біріктіретін беделді халықаралық платформа ретінде орныққанын атап өтті.