Нью-Йорк, 2025 жылғы 18 тамыз – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров және Гренаданың БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Ингрид Джексон Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Гренада Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелері үшін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қойды.
Халықаралық шарт екі елдің ресми тұлғалары мен дипломаттары үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз кіруді көздейді. Бұл қадам Қазақстан мен Гренада арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға және достық қатынастарды одан әрі дамытуға бағытталған.
Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды және Тараптар тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдегі мекемелерімен бірлесе отырып, Қазақстан азаматтарын визалық талаптардан босататын мемлекеттердің географиясын кеңейту бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда.
Анықтама: Қазақстан мен Гренада арасындағы дипломатиялық қатынастар 2012 жылғы қарашада орнатылды.
Гренада – Кариб теңізінің оңтүстік-шығысында аттас аралда және Кіші Антиль архипелагындағы алты іргелес шағын аралдарда орналасқан арал мемлекеті.
Гренада экономикасының ең дамыған саласы – туризм. 2023 жылы елге 500 мыңнан астам турист келді.