Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ақбасов Ғазиз Табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасының басшысы Нуруддин Торабимен кездесуі

Ауғанстандағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ақбасов Ғазиз Табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасының басшысы Нуруддин Торабимен кездесуі

2026 жылғы 12 ақпанда Ауғанстан Ислам Әмірлігіндегі Қазақстан Республикасының Елшісі Ақбасов Ғазиз Ауғанстанның табиғи апаттарды жою жөніндегі ұлттық агенттігі басқармасының (NDMA) басшысы Нуруддин Торабимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ТАЖҰА басшысы Қазақстанға саяси және гуманитарлық салада үздіксіз қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін терең ризашылығын білдіріп, қазақ халқы ауғандықтарға қиын-қыстау кезеңде әрқашан көмек көрсетіп келгенін баса айтты. Н.Тораби өзара құрметті және қажет болған жағдайда, АИӘ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші Ғ.Ақбасов жылы лебізі үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Ауғанстанға жақын көрші және бауыр ретінде қарайтынын, қайтарымды күтпестен арықарай көмек көрсетуді жалғастыратынын ерекше тоқталды. Ол жыл сайынғы гуманитарлық көмек көрсету дәстүрге айналғанын, Қазақстан бұл дәстүрді 2026 жылы да жалғастыруды көздеп отырғанын тілге тиек етті.

Екі тарап практикалық бастамаларды талқылады. Қазақстан осы көктемде Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, мамандар тізімін кеңейтіп, қажеттілік талдауын жүргізіп, медициналық миссиялар жіберуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тағы бір гуманитарлық көмек жөнелту мүмкіндігі қарастырылуда. Елші Ауғанстанның ерекше қажеттіліктерін, соның ішінде азық-түлік өнімдеріне (ұн, күріш, май) және азық-түлікке жатпайтын тауарларға қажеттіліктерді (шатырлар, көрпе, киім-кешек, ас үй ыдыстары) нақтылауды ұсынды.

Сондай-ақ Ғ.Ақбасов қазақстандық компаниялардың тас құлау мен көшкінмен күресу үшін техника саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, Ауғанстан тарапына ұсыныс жіберілгенін айтты.

Қазақстан Республикасының Елшісі гуманитарлық бастамаларды қаржыландыру үшін халықаралық ұйымдармен үшжақты ынтымақтастық идеясын алға тартты, айтылғандарды Н.Тораби қолдады.