Герат провинциясында Ауғанстан халқына Қазақстандық гуманитарлық көмек табыс етілді

Герат провинциясында Ауғанстан халқына Қазақстандық гуманитарлық көмек табыс етілді

Герат, 2025 жылғы 24 қыркүйек – Ауғанстанның Герат провинциясындағы «Тұрғынды» теміржол станциясында Қазақстандық «KazAID» халықаралық даму агенттігі көмегімен Ауғанстан халқына Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмегін табыстау ресми рәсімі орын алды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы Уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасов, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің, Герат провинциясы губернаторының әкімшілігінің, сондай-ақ Ауғанстанның ұлттық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері қатысты.

Қазақстандық гуманитарлық көмектің кезекті партиясына қант, ұн, ет консервілері, шай, көрпелер мен шатырлар салынған 26 теміржол вагоны кірді. Жүктің жалпы көлемі 272,7 тоннаны құрайды.

Салтанатты рәсімде Ғ.Ақбасов Қазақстан Үкіметі Ауғанстанмен, оның ішінде гуманитарлық көмек көрсету желісі бойынша сенім мен ынтымақтастық ахуалын одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

Ауған тарапы Қазақстан басшылығы мен халқына қиын кезеңде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, көрсетілген көмек жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға бағытталатынын және елдің аса мұқтаж провинциялары тұрғындары арасында таратылатынын атап өтті.