Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мекке қаласында өткен Қажылық мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мекке қаласында өткен Қажылық мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты

Ү.ж. 24 маусымда Қасиетті Мекке қаласында Қажылықты ұйымдастыру мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, профессор Әли Ербаш, Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Жалалоддин Хамрокулов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Самуддин Атабаев, Әзірбайжан Бас мүфтиінің бірінші орынбасары Салман Мұсаев, Қазақстанның Жиддадағы Бас консулы Руслан Қоспанов, сондай-ақ қажылықты ұйымдастырумен айналысатын еліміздің және Сауд Арабиясының туристік компанияларының өкілдері және 250-ден астам қазақстандық қажылар қатысты.

Өз сөзінде Елші Б.Арын діни қызмет және діни сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттің саясаты, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына діни рәсімдерді кедергісіз орындауы үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Елшілігі мен Бас консулдығының киелі жерлердегі қажылардың қауіпсіздігін және денсаулығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндады.

Елші Б.Арын қажылық рәсімдерін кедергісіз орындауға арналған қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмсап жатқан зор күш-жігері үшін Корольдіктің Үкіметіне, оның ішінде Қажылық және умра істері министрлігіне өз ризашылығын білдірді.

Өз сөзінің соңында қазақстандық дипломат барлық қажыларға қасиетті құлшылықтарын сәтті аяқталуын және елге амандықта оралуын тіледі.

Конференциядан кейін Қазақстанның Қажылық миссиясының мүшелерімен, уағызшылармен және қажылықты ұйымдастыруға тартылған туристік компаниялардың басшыларымен жеке кездесу өтті. Кездесу барысында қажылардың денсаулығын бақылауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, имамдардың уағыздау қызметін лайықты жүргізуіне, жедел шешуді талап ететін мәселелер туындаған кезде Бас консулдықпен және жергілікті билікпен өзара іс-қимыл тәртібіне байланысты ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер талқыланды.

Айта кету керегі, Сауд Арабиясының Үкіметі 2023 жылы Қазақстанға бөлген ресми квотаға сәйкес қажылық жасау үшін Меккеге елімізден 4000 қажы келген. Қажылықты ұйымдастыру бойынша қызметтер пакетін көрсету үшін Діни басқарма конкурстық негізде 18 қазақстандық туристік компанияны, сондай-ақ 4  әуе компанияны (SCAT, Jazeera Airways, Turkish Airlines, Flynas) таңдады. Жалпы, Сауд тарапының ресми хабарлауынша, биыл қажылық жасау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 1,6 миллионнан астам қажы келген.