Джиддада экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Ислам комиссиясының отырысы өтті

Джиддада экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Ислам комиссиясының отырысы өтті

Ү.ж. 22-24 қаңтарда Жиддадағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ислам комиссиясының (ICECS) 45-ші сессиясы өтті. Іс-шара ү.ж. 16-17 наурызда Мавритания астанасы Нуакшотта өтуізілуі жоспарланған ИЫҰ-ға мүше мемлекеттері Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 49-шы сессиясына дайындық шеңберінде жүзеге асты.

ICECS отырысында қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, ҚР-дың ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Б.Арын басқарды.

Күн тәртібіне сәйкес, отырыста Ислам елдерінің статистикалық, экономикалық, әлеуметтік зерттеу және оқу орталығы (SESRIC), Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Ислам технологиялық университеті (IUT) және Ислам саудасын дамыту орталығы (ICDT) сияқты ИЫҰ-ның субсидиарлы органдары өз баяндамаларын жасады. Сондай-ақ, экономика, ғылым және технологиялар (S&T), IT, денсаулық сақтау, экология салаларына, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік бағыттағы мәселелерге, оның ішінде отбасы және жастарды қолдау институтына жауапты ИЫҰ-ның тиісті департаменттері мен ұйымдары өз есептерін ұсынды.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Мавританиядағы алдағы министрлер кездесуі барысында Ұйымға мүше елдердің жоғарыда аталған салалардағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған қарарлардың жобаларын қарастырып, бірқатар талқылаулардан кейін оларды мақұлдады.

Бұлардың қатарында өркениеттер мен діндер диалогын ілгерілету, ғылым мен технологияларды дамыту, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, экономикалық және қаржы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту салаларындағы қазақстандық бастамалар енгізілген қарарлардың жобалары келісілді.

Атап айтқанда, тиісті қарарларда Қазақстанның халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін одан әрі ілгерілету, Арал теңізі мен Семей полигоны төңірегіндегі экологиялық проблемаларды шешу, 2023 жылы Қазақстанда ИЫҰ-15 Диалог алаңының алғашқы министрлік кездесуін өткізу, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) қызметін қолдау жөніндегі бастамалары қолдау тапты.

ИЫҰ СІМК-тің 49-шы сессиясын өткізуге дайындық жұмыстарын жалғастыру аясында жақын арада ИЫҰ-ның Жидда қаласындағы штаб-пәтерінде Тұрақты қаржы комитеті мен Аға лауазымды тұлғалар отырыстарының өткізілуі жоспарлануда.