Бас мүфти халықаралық конференцияға қатысты

Бас мүфти халықаралық конференцияға қатысты

Ү.ж. 8-12 қаңтарда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы Жидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) өткен қажылық пен умра қылушыларға қызмет көрсету мәселелеріне арналған Халықаралық көрме мен конференцияға қатысты.

САК Қажылық және умра министрлігі ұйымдастырған іс-шарада ақпараттық технологиялар, тиімді көлік, кәсіби медициналық көмек, сапалы тамақтану және цифрлық қызметтер, сондай-ақ қонақ үй индустриясын дамыту үшін қажетті озық технологиялық құралдар ұсынылды.

Көрме алаңында ҚМДБ делегациясы қажыларға қызмет көрсететін бейінді министрліктер мен жеке компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Сапар аясында Наурызбай қажы Тағанұлы CAK Ислам істері және үгіт-насихат жөніндегі министр Абделатиф бен Абдулазиз әл аш-Шейхпен және Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысы Шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.

Тараптар дінаралық келісімді, әлем халықтары арасындағы бірлік пен бейбітшілікті нығайту, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату мәселелерін талқылады.

Ү.ж. 9 қаңтарда Наурызбай қажы Тағанұлы қажылық және умра министрі Тауфик бен Фаузан ар-Рабиямен кездесу өткізіп, оның барысында тараптар Қазақстан қажыларын тасымалдайтын әуе көлігі қызметтерінің бағасын көтермеу, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақ үй бағасына барынша жеңілдіктер беру, қызмет көрсету сапасын арттыру, төлем жүйелерінің сапасын оңтайландыру және т.б. мәселелері көрсетілген тиісті құжатқа қол қойды.

Өз кезегінде САК Қажылық және умра министрі Министрлік қазақстандық қажыларға барынша қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Өткен жылы қажылықты 4 мың қазақстандық атқарды. Конкурстық негізде қажыларға қызмет көрсету үшін 14 туристік фирма анықталды. Биыл қажылық рәсімдерін 4000 адам атқара алады.