ИЫҰ-15 диалог алаңының Аға лауазымды тұлғаларының алғашқы кездесуі өтті

ИЫҰ-15 диалог алаңының Аға лауазымды тұлғаларының алғашқы кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының Ғылым және технологиялар саласындағы жетекші 15 мұсылман елін біріктіретін «ИЫҰ-15 Диалог алаңын» құру жөніндегі бастамасын іске асыру мақсатында ү.ж. 1-2 желтоқсанда Исламабад қаласында (Пәкістан Ислам Республикасы), Қазақстанның ИЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Бас хатшылығы және ИЫҰ ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті бірлесіп ИЫҰ-15 Диалог алаңы Аға лауазымды тұлғалардың алғашқы кездесуін ұйымдастырды.

Гибридті форматта өткен отырыс жұмысына Қазақстан, Пәкістан, Катар, Иран, Малайзия, Индонезия, Марокко, Нигерия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Түркия, Әзірбайжан, Камерун, Иордания және Египет делегациялары, сондай-ақ ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технологиялар мәселелері жөніндегі орынбасары А.Мусинов және КОМСТЕК Бас үйлестірушісі И.Чаудри бастаған осы ұйымдар өкілдері қатысты.

ҚР-ның ИЫҰ жанындағы Тұрақты Өкілі, Елші Б.Арын, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Д.Ахмед-Заки, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Сәтбаев атындағы университет өкілдерінен құралған Қазақстан делегациясы АЛТ отырысына төрағалық етті.

АЛТ отырысына қатысушылар алдағы Министрлік отырыстың күн тәртібінің жобасын, өкілеттіктер шеңберін, ИЫҰ-15 Диалог алаңының мақсаттарын, міндеттері мен жұмыс рәсімдерін егжей-тегжейлі талқылады.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылардың бірқатар толықтырулары мен ұсыныстарын ескере отырып, аталған құжаттарды ИЫҰ-15 Диалог алаңының бірінші Министрлік отырыс барысында бекіту және қабылдау үшін енгізу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, қатысушылар қазақстандық тараптың 2023 жылы Астанада алғашқы Министрлік отырысты өткізу туралы ұсынысын қолдады.

Бұдан қоса, АЛТ отырысы барысында Қазақстанмен және ИЫҰ Бас хатшылығымен бірлесіп алдағы Министрлік отырысқа дайындықпен айналысатын, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын қадағалайтын ИЫҰ-15 Диалог алаңының хатшылығы ретінде КОМСТЕК Хатшылығын белгілеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жалпы, отырыстың қорытындысы қатысушы елдердің ИЫҰ-15 бастамасын іске асыруға мүдделілігі мен дайындығын көрсетті. Қатысушылар Ислам мемлекеттерінің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту және нығайту қажеттілігін қолдап, аталған мақсаттарға қызмет етуге арналған қазақстандық бастаманың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.

Осы ретте атап өту керек, «ИЫҰ-15 Диалог алаңы» тобын құру туралы бастаманы 2017 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткен ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті барысында Президент Н.Назарбаев жариялаған болатын.

2021 жылғы 16 маусымда өткен ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі екінші Саммит барысында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Астана қаласында білім, ғылым және технологиялар мәселелеріне жауапты «ИЫҰ-15»-ке мүше мемлекеттер министрлерінің кездесуін өткізуді ұсынды.

«ИЫҰ-15 Диалог алаңы» мұсылман әлеміндегі ғылым, технологиялар және инновациялар салаларындағы сын-қатерлер мен мәселелерді еңсеру үшін тиісті ұсыныстарды әзірлейтін, шешімдер мен практикалық шараларды ұсынатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

ИЫҰ-15 Алаңында КОМСТЕК арқылы үйлестірілетін және бірлескен іс-қимылдар негізінде жүзеге асырылатын ғылым, технологиялар және инновация саласындағы екіжақты немесе көпжақты бастамалар ұсынылады.