Риядта «АБАЙ» мерейтойлық медальдері тапсырылды

Риядта «АБАЙ» мерейтойлық медальдері тапсырылды

2021 жылғы 16 ақпанда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын саудтық Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығының (ЗМБО) жетекшісі доктор Яхья Махмуд бен Джунайдпен және осы орталықтың бірқатар ғалымдарымен кездесті.

Кездесу барысында Елші Б.Арын ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын Сауд Арабиясында кеңінен насихаттауға үлес қосқандары үшін доктор Яхья Махмуд бен Джунайдқа және аталған Орталықтың Мәдениет істері жөніндегі бөлімінің басшысы Салех Замананға «Абай 175 жыл» Қоғамдық қорының арнайы ғылыми кеңесінің шешімімен берілген «АБАЙ» мерейтойлық медальдарын табыс етті.

Сонымен қатар, сұхбат аясында аталған Орталықпен қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары арасында тікелей байланыстар орнату, бірлескен мәдени-ғылыми жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Доктор Я.Джунайд өзі басқарып отырған Орталық алаңында «Абай қазақ халқының ұлы ақыны» тақырыбында былтыр өткен симпозиум екі ел халықтарын жақындастыруға, мәдени байланыстарын нығайтуға оң әсерін тигізген игі іс-шара болғандығын атап өтіп, қазақ тарапының марапатына шынайы ризашылығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта да достас Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізетін бірлескен ақпараттық-танымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға уағдаласты.