Қажылық аясында Қазақстан Мекке мен Мәдинадағы қажылар үшін мәдени мүмкіндіктерді кеңейтуде

Қажылық аясында Қазақстан Мекке мен Мәдинадағы қажылар үшін мәдени мүмкіндіктерді кеңейтуде

Мекке, 2026 жылғы 27 сәуір – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Меккедегі Абрадж әл-Бейт кешенінде (Сағат мұнарасы) орналасқан Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына зиярат етті.

Мұражайдың эксклюзивті оператор болып табылатын Al-Salam Company (ASC) компаниясының Бас менеджері Файез Кансардың қатысуымен өткен кездесу барысында мәдениет, ағарту және туризм салаларындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Бұл бағыттар қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына баратын Қазақстан азаматтары үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.

Бас консул бұған дейін Дүниежүзілік мұсылман лигасының басшылығымен қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қатысуымен, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Пайғамбар мұражайын ашу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде, Файез Кансара аталған бастаманы жоғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жолға қою және нығайтуға дайындығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мұражайдың эксклюзивті операторы болып табылатын Al-Salam Company (ASC) компаниясы мен Қазақстан Республикасының Бас консулдығы арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Рәсім барысында Файез Кансара Қазақстан Республикасының мұражайдың осындай келісімге қол қойған алғашқы шет мемлекет болғанын ерекше атап өтті.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтары үшін арнайы жеңілдік бағдарламасын енгізу жөнінде келісімге қол жеткізілді. Бұл бағдарлама Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына кіру билеттеріне жеңілдік беруді көздейді. Аталған бастама Мекке мен Мәдина қалаларындағы мұражайдың филиалдарына да қолданылады және шектеулі мерзім ішінде жүзеге асырылады, одан кейін тараптардың қалауы бойынша ұзартылуы мүмкін.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен мәдени-ағартушылық бастамаларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының Корольдікке сапары барысында қызмет көрсету сапасын арттыру және мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында жұмыс тәртібіндегі үйлестіруді жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Анықтама үшін: Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті жөніндегі халықаралық көрмелер мен мұражайлар — бұл Пайғамбардың өмір жолын, оның асыл мінез-құлқын және ілімдерін, сондай-ақ ислам негіздерін олардың шынайы әрі таза қалпында таныстыруға бағытталған мәдени-ағартушылық жоба болып табылады. Мұражайлар Мекке мен Мәдина қалаларында, сондай-ақ шетелдерде — Рабат (Марокко), Дакар (Сенегал) және Нуакшот (Мавритания) қалаларында орналасқан.

Мұражайлардың қызметі Дүниежүзілік мұсылман лигасының қадағалауымен заманауи технологиялар мен инновациялық көрсету әдістерін пайдалана отырып, ғылыми-зерттеу тәсілі негізінде жүзеге асырылады.

Астанада Орталық Азиядағы Пайғамбардың алғашқы мұражайын ашу жобасы Дүниежүзілік мұсылман лигасымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл бастама исламдық мұраны сақтау және насихаттауға, сондай-ақ мәдени-ағартушылық кеңістік құруға, дінаралық диалогты дамытуға және жастарды ағартуға бағытталған.