Жиддада Ауғанстан жөніндегі ИЫҰ Байланыс тобының Кабулға сапарына дайындық талқыланды

Жиддада Ауғанстан жөніндегі ИЫҰ Байланыс тобының Кабулға сапарына дайындық талқыланды

Жидда, 2026 жылғы 12 қаңтар – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы, Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Руслан Қоспанов ИЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Министрлік байланыс тобының Кабул қаласына жоспарланған сапарына дайындық аясында ұйымдастырылған техникалық деңгейдегі дайындық отырысына қатысты.

Техникалық кездесу аталған сапарға дайындық және ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін үйлестіру үдерісіндегі маңызды кезең болды. Отырыс барысында қатысушылар ұйымдастырушылық-техникалық мәселелерді пысықтауға, сондай-ақ ИЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Байланыс тобының Кабул қаласына сапарының күн тәртібін келісуге баса назар аударды.

Дипломаттар алдағы іс-шаралардың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты, ИЫҰ-ға мүше елдердің Ауғанстанмен өзара іс-қимыл мәселелерінде үйлестірілген ұстанымының және сапардың тиімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Анықтама үшін: ИЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Министрлік байланыс тобы 2025 жылғы 21–22 маусымда Ыстамбұл қаласында өткен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 51-ші сессиясында қабылданған №61/51-POL «Ауғанстандағы жағдай туралы» қарарының 33-бабына сәйкес құрылды.

Байланыс тобы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ауғанстанға қатысты саяси, гуманитарлық және экономикалық аспектілерді қоса алғанда, күш-жігерін үйлестіру, ынтымақтастықты дамыту және іс-қимылдарының сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

2025 жылғы 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Қазақстан ИЫҰ-ның Ауғанстан жөніндегі Байланыс тобының отырысына қатысты. Байланыс тобының құрамына Қазақстан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Түркия, Пәкістан, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Индонезия, Гамбия, Өзбекстан, Иран, Мысыр және Әзербайжан кіреді.