
Мекке, 2025 жылғы 6 қараша – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов киелі Мекке қаласына сапар жасап, Сауд Арабиясы Корольдігінің ең ежелгі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі – «Умм әл-Қура» университетінің ректоры, профессор, доктор Маади бен Мұхаммад әл-Мазһабпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар гуманитарлық, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. М. әл-Мазһаб университеттің тарихы мен қазіргі қызметі туралы баяндап, шетелдік студенттердің санын арттыруға бағытталған, университетті одан әрі кеңейту жоспарларымен бөлісті.
Университет басшылығының атап өтуінше, кәзіргі уақытта аталған оқу орнында шамамен 10 қазақстандық студент білім алып, жоғары үлгерімі мен үлгілі тәртібі арқылы өздерін жақсы жағынан көрсетіп жүр.
Өз кезегінде қазақстандық дипломат ректорды Қазақстанда орта және жоғары білімнің сапасын арттыру, жасанды интеллект технологияларын дамыту және енгізу бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етіп, бұл үдеріске елдің жас азаматтарының белсенді қатысатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы жоғары оқу орындары өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайындықтарын білдірді.
Университет тарихы 1949 жылдан бастау алады, сол жылы Мекке қаласында Шариғат колледжі (ислам құқығы) құрылған болатын. Корольдік жарлығына сәйкес, университетке «Умм әл-Қура» атауы беріліп, 1981 жылы толыққанды жоғары оқу орны мәртебесіне ие болды. Бүгінде университет классикалық ислам ғылымдарынан (шариғат, араб тілі, даʿуа исламия) бастап инженерия, медицина, қолданбалы және әлеуметтік ғылымдарға дейінгі кең ауқымды бағдарламаларды ұсынады. Университеттің деректері бойынша, Меккедегі негізгі кампуста шамамен 30 мың студент білім алады. Белгілі түлектердің қатарында – Сауд әл-Шурайм, Меккедегі басты мешіт «әл-Масжид әл-Харамның» бұрынғы имамы әрі уағызшысы, ол «Умм әл-Қура» университетінде PhD дәрежесін алған.