
Медина, 2025 жылғы 27 қазан – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Медина қаласындағы Қасиетті Құран басып шығару жөніндегі Король Фахд атындағы кешенге сапар жасады.
Кешеннің Бас хатшысы Саад Рашид Әл-Доссаримен өткен кездесу барысында, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің екіжақты ынтымақтастығының бірқатар мәселелері талқыланды.
Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салалардағы қарым-қатынастардың оң серпінін атап өтті.
Рухани-діни саладағы өзара іс-қимыл аясында Кешен басшылығы Қазақстанға екі елдің достығы мен ынтымақтастығы белгісі ретінде Қасиетті Құранның даналарын сыйға беруге дайын екенін білдірді.
Бұдан бөлек, сапар барысында Бас консул Кешеннің баспахана жұмысымен, оның құрылу тарихымен және алдағы даму жоспарларымен танысты.
Анықтама ретінде: Қасиетті Құран басып шығару жөніндегі Король Фахд атындағы кешен – Сауд Арабиясы Корольдігінің Медина қаласында орналасқан мамандандырылған мемлекеттік мекеме. Кешен 1984 жылы Король Фахд бен Абдулазиз Әл-Саудтың жарлығымен құрылған.
Кешеннің негізгі міндеті – Қасиетті Құранды басып шығару, оның мағыналарын әртүрлі тілдерге аудару, ғылыми түсіндірмелер дайындау және ресми бекітілген мәтіндер негізінде олардың дұрыстығын тексеру.
Кешен жыл сайын Құранның және оның аудармаларының миллиондаған даналарын шығарып, исламдық діни әдебиетті басып шығарудың әлемдегі жетекші орталықтарының бірі болып табылады.