Дүниежүзілік мұсылман лигасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларын жоғары бағалады

Дүниежүзілік мұсылман лигасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындыларын жоғары бағалады

Мекке, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Дүниежүзілік мұсылман лигасының (ДМЛ) штаб-пәтеріне барып, Лиганың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Бас хатшысының орынбасары Мұхаммад әл-Маждуимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДМЛ арасындағы дінаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы қазіргі жағдай мен ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

Халықаралық мұсылман ұйымының өкілі ү.ж. қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің
VIII Съезінің қорытындыларын жоғары бағалап, бұл бірегей алаңның ерекшелігін, сондай-ақ өзара түсіністік, төзімділік пен бейбітшілікті ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.

Ол шақырту үшін алғысын білдіріп, Дүниежүзілік мұсылман лигасының Бас хатшысы шейх доктор Мұхаммад бен Абдукарим әл-Иссаның Съезд жұмысына қатысуы, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі Қазақстан мен ДМЛ арасындағы жоғары деңгейдегі сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болғанына мән берді.

Әңгімелесуші Қазақстан басшылығына Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және мазмұнды бағдарламасы үшін алғыс білдіріп, Съезд түрлі дін өкілдері арасындағы ашық диалог пен өзара құрметке негізделген маңызды халықаралық алаңға айналғанын баса айтты.

Кездесу барысында Дүниежүзілік мұсылман лигасының Съезд Хатшылығымен және ҚР Парламенті Сенатымен берік жұмыс байланысын орнатқаны атап өтілді және бұл өз кезегінде практикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуде. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ү.ж. сәуір айында Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған сәтті сапарының маңыздылығы ерекше атап өтіліп, оның парламентаралық және рухани ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін бергені айтылды.

Тараптар өзара түсіністік, достық және ынтымақтастық рухында Қазақстан мен Дүниежүзілік мұсылман лигасы арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту және белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру жөнінде уағдаласты.

Кездесу соңында Бас консул ҚР Парламенті Сенаты басшылығының атынан Дүниежүзілік мұсылман лигасының бірқатар қызметкерлерін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған сапары мен ДМЛ Бас хатшысы М.әл-Иссаның Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға белсенді қатысқаны және елеулі үлес қосқаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Анықтама ретінде: Дүниежүзілік мұсылмандар лигасы — 1962 жылы Сауд Арабиясының Мекке қаласында құрылған халықаралық ислам ұйымы. Аталған ұйым барлық ислам елдерінің өкілдерін біріктіреді және исламның шынайы мәнін түсіндіруге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға, сондай-ақ әлемдегі мұсылман қауымдастықтарына қолдау көрсетуге бағытталған.