Қасиетті Мекке қаласында Қазақстан қажыларын ұлы сапарға бастап келген туроператорлар басшыларымен кездесу өтті.
Жиынға наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы бастаған Қазақстан қажылық миссиясының өкілдері, Бас консул Руслан Тобылұлы және 15 қажылық туроператорының жетекшілері қатысты.
Басқосу барысында қазақстандық қажылардың ұлы құлшылыққа дайындығы, қажылық турфирмаларының қызмет көрсету сапасы т.б мәселелер талқыланды.
Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы Кенжетай Байкемелұлы компаниялар жетекшілеріне қажыларға сапалы қызмет көрсетуді, олардың құлшылығының дұрыс орындалуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ жиында қажылардың денсаулығын қадағалау, қауіпсіздік шараларын ескеру секілді мәселелер пысықталды. Қажылық компаниялары жетекшілеріне ҚМДБ тарапынан 15 компанияға бөлініп берілген уағызшы имамдардың лайықты насихат жұмыстарын жүргізуі, қажылардың іс-шараларға жүйелі қатысуын қадағалау сынды тиісті тапсырмалар берілді.
Жиында Қазақстан қажылық миссиясының мүшелері де өз ұсыныс-тілектерін жеткізіп, ұлық сапарда белсенділік танытып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Дереккөз: Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы