Жидда, 2025 жылғы 1 маусым - Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы Корольдігі) Бас консулы Руслан Қоспанов Қазақстанның қажылық миссиясының төрағасы, Наиб мүфти Кенжетай Дүйсенбай бастаған делегациямен кездесу өткізді.
Кездесу барысында 2025 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Сауд Арабиясына шамамен 4 500 қазақстандық қажылар сәтті жеткені хабарланды.
К.Дүйсенбай қажылық миссиясының негізгі бағыттары туралы ақпарат беріп, Қазақстанның Жиддадағы Бас консулдығымен орнатылған тиімді өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Бас консул Р.Қоспанов қажылық миссия қызметкерлеріне сәттілік тілеп, туындайтын мәселелер бойынша қажетті көмек пен қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жедел байланыс орнатып, қазақстандық қажылардың діни рәсімдерді ойдағыдай аяқтап, қауіпсіз елге оралуы үшін жұмысты үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.