Жидда, 2025 жылғы 26 мамыр - Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда және Мәдина қалаларындағы халықаралық әуежайларына алғашқы 454 қазақстандық қажылар тобы келіп жетті. Оларды Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консул Р.Коспановтың басшылығымен консулдықтың қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қажылық миссиясы өкілдері қарсы алды.
Сауд Арабиясы Үкіметі 2025 жылға Қазақстанға бөлген квотаға сәйкес, шамамен 4,5 мың қазақстандық азаматтың қажылық парызын өтеуі күтілуде. Үлкен қажылықтың негізгі рәсімдері биылғы жылдың 4-9 маусым аралығына сәйкес келеді.
Биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларды тасымалдауын Air Astana (Қазақстан), SCAT (Қазақстан), Jazeera Airways (Кувейт) және FlyNas (Сауд Арабиясы) әуе компаниялары жүзеге асыруда. 31 мамырға дейін қажылар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан Жидда мен Мәдинаға жеткізіледі және 10-16 маусым аралығында кері қайту рейстері жүзеге асырылады.
Қажылық кезеңінде Бас консулдық ерекше жұмыс режимінде қызмет атқаруда. Қазақстандық қажыларды қарсы алу және шығарып салу консулдық қызметкерлері мен қажылық миссия өкілдерінің арнайы кезекшілік кестесіне сәйкес жүргізілуде.
ҚР дипломатиялық миссиясының міндеттеріне қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясында болу кезеңінде жергілікті билік органдарымен үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отанына уақытылы оралуын ұйымдастыру кіреді. Осы мақсатта Сауд Арабиясының қажылық маусымына жауапты мемлекеттік және авиациялық органдарымен, сондай-ақ Қазақстан қажылық миссиясының қызметкерлерімен тұрақты байланыс орнатылған.
Әуежайда қарсы алу кезінде консулдық дипломаттар қажыларға қабылдаушы елдің заңдарын сақтау, жергілікті салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға құрметпен қарау, сондай-ақ түрлі жұқпалы аурулардың (тұмау, менингит және т.б.) алдын алу үшін санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ҚР қажылық миссиясының Мекке және Мәдина қалаларындағы орталық штабтарында тәулік бойы жұмыс істейтін тұрақты медициналық стационарлық пункттер ашылған, онда қазақстандық дәрігерлер қажыларға қажетті медициналық көмек көрсетеді.
Сауд Арабиясы тарапының мәліметінше, биыл қажылық парызын өтейтіндердің жалпы саны шамамен 2–2,3 миллион адамға жетуі мүмкін (САК Статистика жөніндегі Бас агенттігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы қажылардың саны 1 млн. 833 мың адам құрады).