Джакарта, 2025 жылғы 14-15 мамыр – Қазақстандық делегация Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисовтың басшылығымен Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің Парламенттік одағы (PUIC) конференциясының Джакартада өткен 19-шы сессиясына қатысты.
Сессия жұмысы барысында парламенттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, ИЫҰ-ға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ислам әлемі алдында тұрған өзекті сын-тегеуріндер талқыланды. Қазақстан тарапы PUIC аясында ынтымақтастық, өзара түсіністік пен сындарлы диалог қағидаттарына бейілділік білдірді.
PUIC 19-шы сессиясының басты қорытындыларының бірі – Джакарта декларациясының қабылдануы болды. Бұл құжатта парламентаралық ынтымақтастықты күшейту, жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап беру және әлемдегі мұсылман қауымдастықтарының құқықтарын қорғау қажеттігі ерекше атап өтілді. Бұдан бөлек, конференция аясында ИЫҰ Парламенттік одағының 2025 жылға арналған бюджетін бекіту, әкімшілік және ұйымдастырушылық рәсімдерді реттеу, сондай-ақ PUIC Бас хатшысының орынбасарларын сайлау іске асырылды. Отырыс ұйымның құрылғанына 25 жыл толуымен тұспа-тұс келіп, бұл шараға символдық мән беріп, PUIC-тің қазіргі халықаралық жағдайда атқаратын рөлін қайта қарастыруға мүмкіндік берді.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Толамисов парламентаралық дипломатияның халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды құрал екенін атап өтіп, тұрақты даму, қауіпсіздік, білім беру және адам құқықтары мәселелерін бірлесіп шешуге шақырды. Сонымен қатар, ол еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрғыдан қуатты, өркендеген және әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жасампаз әрі реформаторлық қызметін атап көрсетті.
Шара аясында сенатор Әзербайжан, Қырғызстан және өзге де елдердің парламент өкілдерімен кездесіп, өзара мүдделі мәселелерді талқылады.