Джакарта, 2025 жылғы 22 сәуір – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Абдыкаримов жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты және студенттер алмасуын жандандыру аясында Индонезияның ірі жоғары оқу орындарының бірі – «President University» университетінде профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттерге кең ауқымды дәріс оқыды.
Өз сөзінде қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, еліміздің сыртқы саясаты, сондай-ақ Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Мемлекет басшысының қазіргі әлемдік турбулентті жағдайында Қазақстан қоғамының орнықты дамуы мен әл-ауқатына бағытталған экономикалық жағынан өркендеген, құқықтық және әділетті Қазақстанды құрудағы жасампаз және реформаторлық қызметі кеңінен қамтылды.
Қазақстанның сыртқы саяси принциптері мен басымдықтарының қатарында өзара құрметке негізделген диалог, бейбітсүйгіштік, барлық мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, ішкі істеріне араласпау, экономикалық дипломатия, ядролық қаруды таратпау және дінаралық диалог атап өтілді.
Дипломат Қазақстан мен Индонезия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, білім беру және туристік ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін атап өтіп, бірлескен жоспарлар мен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Дәріс соңында Елші қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында Қазақстанның көркем табиғи көріністерін бейнелейтін туристік бейнероликтер көрсетіліп, фотокөрме ұйымдастырылды.