Джакарта, 2025 жылғы 27 ақпан – Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Парламентаралық ынтымақтастық комитетінің төрағасы Мардани Али Серамен кездесті.
Сұхбаттасушылар Қазақстан-Индонезия қатынастарының ағымдағы жағдайы мен оларды одан әрі дамытудың перспективалары туралы пікір алмасып, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуда парламенттік дипломатияның маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстандық дипломат еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпаратты жеткізіп, екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бойынша жоспарлармен бөлісті.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан-Индонезия парламентаралық достық тобының қызметін жандандыру және жоғары парламенттік деңгейде сапарлармен алмасу арқылы екі елдің заң шығарушы органдары арасында жүйелі диалогты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.