Индонезия жастары «Born Bold» бастамасымен танысты

Индонезия жастары «Born Bold» бастамасымен танысты

Джакарта, 2025 жылғы 25 ақпан – Білім беру және жастар саясаты саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Ұлттық даму университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы кеңінен әңгімелеп, елдің тарихы мен мәдениеті жайлы қызықты деректермен бөлісті.

Кездесуде ерекше назар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мен білім беру әлеуетін дамытуға бағытталған «Born Bold» халықаралық бастамасына аударылды.

Студенттерге бастаманың негізгі идеяларын ашып көрсететін бейнеролик ұсынылып, экономикалық өсімге, білім беруге және тұрақты дамуға деген Қазақстанның жаңашыл көзқарасын айқындайтын басты месседждер түсіндірілді.

Жергілікті жастар Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері мен жастарға арналған бастамаларға үлкен қызығушылық танытып, ашық әрі мазмұнды пікірталас өткізді. Өзара пікір алмасу барысында олардың Қазақстанды перспективалы білім беру алаңы ретінде қарастыруға деген ынтасы айқын көрінді.

Кездесуге сондай-ақ, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Индонезияның осы жоғары оқу орнында студенттік алмасу бағдарламасы аясында білім алып жүрген бес студенті қатысты.