Студенттік алмасулар – Қазақстан мен Индонезия болашағының «алтын көпірі»

Студенттік алмасулар – Қазақстан мен Индонезия болашағының «алтын көпірі»

Джакарта, 2024 жылғы 23 сәуір – Қазақстанның Джакартадағы Елшілігінде «UPNV Jakarta» Индонезия ұлттық даму университетінің халықаралық қатынастар және экономика факультеттерінің, сондай-ақ студенттік алмасу аясында Индонезияда тағылымдамадан өтіп жатқан Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттерімен кездесу өтті.

Болашақ халықаралық мамандарды құттықтай отырып, Елші Сержан Әбдікәрімов Қазақстан мен Индонезия арасындағы достық және өзара тиімді байланыстарды нығайтуда алдағы уақытта байланыстырушы буын және «алтын көпір» рөлін атқаратын екі елдің білім беру және жас кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. Ол жастарға
30 жылдық қазақ-индонезиялық әріптестігін дамытудағы табыстар мен жетістіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Бұл мемлекет басшылары, үкіметтік және парламенттік делегациялар деңгейінде сапарлар мен кездесулер өткізуде, тауар айналымы мен инвестициялық ынтымақтастықтың, іскерлік, туристік және мәдени-білім беру байланыстарының өсуінде көрініс тапты.

Қазақстан туралы айта келе, дипломат елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформация курсының табысты іске асырылуын, шетелдік инвестицияларды белсенді тартуды, білім беру, ақпараттық технологиялар және жаңартылатын энергетика салаларын дамытуды атап өтті. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруды таратпау, дінаралық диалог және бітімгершілік мәселелеріндегі маңызды рөлі, Еуразиядағы өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ҚР қосқан үлесі атап өтілді.

«UPNV Jakarta» Индонезия ұлттық даму университетінің халықаралық кеңсесінің директоры, дипломат Бамбанг Сусанто университет Әл-Фараби атындағы Қазақстан бұрышының болуын және Қазақстанның тарихын, мәдениетін, дәстүрлері мен заманауи дамуын зерттейтін индонезиялық студенттер арасында танымал Қазақ студенттік клубтың белсенді қызметін мақтан тұтатынын атап өтті. Ол сондай-ақ университет мәдениетаралық және білім беру алмасуларын одан әрі кеңейтуге дайын екенін атап өтіп, Индонезия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты тереңдетудегі тағы бір қадам болатын Орталық Азияны зерттеу бөлімінің ашылуын пысықтауға ниет білдірді.

Іс-шара соңында Елші Сержан Әбдікәрімов индонезиялық студенттердің сұрақтарына жауап беріп, оларға Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен туристік көрікті жерлері туралы кітаптар табыс етті. Сондай-ақ, қонақтарға бауырсақ, самса және чак-чак қосылған дәстүрлі қазақ шайы ұсынылды.