«Наурыз мейрамы» алғаш рет Индонезияда атап өтілді

«Наурыз мейрамы» алғаш рет Индонезияда атап өтілді

Убуд, 22 наурыз 2024 – Елшіліктің бастамасымен құрылған Индонезиядағы қазақстандықтар қауымдастығы алғаш рет Бали провинциясының Убуд қаласында «Наурыз мейрамын» атап өтті.

Іс-шараға провинцияның мәдениет және туризм басқармаларының басшылары, жұртшылық мен іскер топтарының өкілдері, сондай-ақ жетпістен астам отандастарымыз қатысты.

Қазақстан Елшілігінің өкілдері «Наурыз мейрамының» тарихы мен оны тойлаудың жаңа форматы туралы жеткізіп, Индонезиядағы қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін атап өтіп, қатысушыларға бейбітшілік пен амандық тіледі.

Провинцияның Мәдениет басқармасының басшысы Гэде Ариа Сугиарта өз сөзінде Қазақстан халқын осы қуанышты мерекемен құттықтап, оны шетелде танымал етудің маңыздылығын, екі ел арасындағы мәдени алмасу мен ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Индонезиядағы қазақстандықтар қауымдастығының басшылығы шараға қатысушылар мен қонақтарға жылы лебіздері мен шынайы құттықтауларын жеткізді.

«Наурыз мейрамының» эмоционалды атмосферасы «Алаш Аманаты», «Арынғазы», «Көңіл толқыны» және басқа да күйлерді орындаған балалардың домбырада өнер көрсетуімен, сондай-ақ «Қызғалдақтар» ұлттық биімен қанық болды. Қатысушылардың мерекелік көңіл-күйі ұлттық тағамдардың дәмін татумен жалғасты.