2023 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезия Халық өкілдері кеңесі (Парламенті) Парламентаралық ынтымақтастық комитетінің төрағасы Фадли Зонмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Ф. Зон ағымдағы жылдың қараша айында Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізген оң нәтижелерімен және жағымды әсерлерімен бөлісті. Сұхбаттасушы екі ел мен олардың халықтары арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуда парламентаралық дипломатияның маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде С.Әбдікәрімов сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеует пен перспективалы мүмкіндіктерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында қазақстандық дипломат келесі жылы Индонезияның Халық өкілдері кеңесінің ғимаратында Қазақстан туралы фотокөрме өткізуді ұсынды, бұл сұхбаттасушының қолдауын тапты.
Кездесудің қорытындысы бойынша екі елдің заң шығарушы органдары арасында, оның ішінде Қазақстан-Индонезия парламентаралық достық тобының қызметін жандандыру және жоғары парламенттік деңгейде сапарлармен алмасу арқылы жүйелі диалогты қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.