Еуразиялық экономикалық комиссия мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығы (АСЕАН) арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылуының 5 жылдығы аясында Джакартадағы АСЕАН штаб-пәтерінде «ЕАЭО мен АСЕАН арасындағы байланыстарды нығайту: іскерлік қоғамдастықтың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ЕАЭО қызметі, қатысушы елдердің экономикалық әлеуеті және ынтымақтастықтың басым бағыттары туралы көрме өрістетілді.
Конференция барысында ЕЭК басшылығы, екі халықаралық ұйымға қатысушы елдердің дипломатиялық корпусы, іскер және сараптамалық топтарының өкілдері өңіраралық экономикалық ықпалдастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, өзара ұсыныстар енгізіп, ЕАЭО мен АСЕАН-ның екіжақты және көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту бойынша көзқарастарымен бөлісті.
Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігі ЕАЭО елдерінің дипломатиялық өкілдіктерімен бірге ЕАЭО елдерінің ұлттық тағамдары ұсынылған Food Festival-ді ұйымдастыруға қатысты. Қазақтың бауырсағы, чак-чагі мен самсасы және индонезиялық наси горенг (қуырылған күріш) тағамына ұқсас палауы ерекше сұранысқа ие болды.