Джакартада VII ӘДДЛ съезіне Индонезияның қатысуы талқыланды

Джакартада VII ӘДДЛ съезіне Индонезияның қатысуы талқыланды

Ү.ж. 3 тамызда Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Данияр Сарекенов «Нахдлатул Улама» Атқарушы кеңесінің Бас Төрағасы Яхья Холил Стақуфпен кездесті.

Мұсылман бірлестігінің басшысымен орын алған әңгіменің негізгі тақырыбы ү.ж. 14-15 қыркүйекте Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне индонезиялық тараптың қатысуы болды. VII Съез пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөліне арналатын болады.

1926 ж. 31 қаңтарда құрылған және құрамында 100 миллионнан астам мүшесі бар «Нахдлатул Улама» әлемдегі ең ірі тәуелсіз ислам ұйымдарының бірі болып табылады. «Нахдлатул Улама» үкіметке әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға көмектесіп, қайырымдылық қызметпен айналысады, мектептерге, ауруханаларға және ауылдық қауымдастықтарға көмек көрсетеді. «Нахдлатул Улама» миссияларының бірі радикализм, экстремизм және терроризм идеяларын тежеу болып табылады. Бірлестіктің білім беру мекемелерінің кең желісі бар.