Күш толысқан альянс

Күш толысқан альянс

2021 ж. 9 қыркүйекте Индонезияның Халық консультативтік ассамблеясының төраға орынбасары және қатарынан билеуші Индонезиялық демократиялық күрес (ИДК) партиясының Орталық атқару кеңесінің төрағасы Ахмад Басарах Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігіне зиярат жасады.

Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Данияр Сарекеновпен кездесу барысында индонезиялық жоғары дәрежелі саясаткер қазақстандық тарапқа Индонезияның 5-ші президенті және ИДК партиясының ағымдағы бас төрағасы Мегавати Сукарнопутри жазған хаттың түпнұсқасын табыстады. Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған хатында М. Сукарнопутри Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін көшбасшылардың жаһандық альянсына бірігу бастамасын қолдайтынын, әрі Альянсқа қосылып отырғанын жеткізіп отыр.

Индонезияның негізін қалаушы және елдің тұңғыш президенті Сукарноның қызы болып табылатын М. Сукарнопутри, бейбітшілік пен қарусыздану идеалдарына берілген тұлға. Индонезияның 5-ші президентінің пікірінше, ядролық технологияларды жаппай қырып-жоятын қаруды жасап шығару үшін және соғыс жүргізу үшін қолдану бүкіл өркениетке қауіп төндіреді, ал қазақстандық тараптың бастамасы, керісінше, адамзатқа тұрақты бейбітшілік, жайлы, қауіпсіз және әділ болашақ әкелуі мүмкін.

Альянс құру идеясын алғаш рет 2019 ж. Astana Club алаңында Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған болатын. Ядролық қаруға қарсы жаһандық тұғырнамаға айналсын деген оймен құрылған Альянстың қатары жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда Альянсқа көптеген әлемдік саясаткерлер және белгілі қоғам қайраткерлері қосылып отыр. Үлкен іс ниеттен бастау алады.