ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ ШЫҒЫС ЯВА ПРОВИНЦИЯСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ

ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ ШЫҒЫС ЯВА ПРОВИНЦИЯСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ
2021 жылдың 7-8 маусымында Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Данияр Сарекенов Индонезиядағы екінші үлкен қала және Шығыс Ява провинциясының әкімшілік орталығы – Сурабая қаласына сапармен барып, оны губернатор Хофифа Индар Параванса қабылдады.
Тараптар екіжақты, оның ішінде экономикалық саладағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық климаты және арнайы экономикалық аймақтар туралы хабардар етті, Индонезия компанияларының, атап айтқанда жеңіл өнеркәсіпте бірлескен кәсіпорындар ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде губернатор провинцияның инвестициялық мүмкіндіктері туралы хабардар етіп, қазақстандық тарапты ынтымақтастыққа шақырды.
Сапар барысында Д.Сарекенов өңірдің іскер топтарының өкілдерімен, соның ішінде PT Kawasan Industri Gresik индустриалды аймағының, PT Petrokimia Gresik - ірі тыңайтқыш шығаратын компания, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші кофе шығаратын компаниялардың бірі PT. Santos Jaya Abadi және Индонезияның негізгі порт операторларының бірі - Pelindo III басшылығымен кездесулер өткізді. Іскерлік кездесулер барысында тараптар тауарлардың екі жақты экспорты мен импорты, сондай-ақ бірлескен қатысуымен кәсіпорындар ашу мүмкіндіктерін талқылады.
Елші Шығыс Явадағы Индонезия қажылық мен умра ұйымдастырушылары қауымдастығының (AMPHURI) өкілдерімен кездесуде сөз сөйлеп, Қазақстанның туристік әлеуеті туралы айтты және ел туралы бейне видео көрсетілді. Ол «Умра плюс» бағдарламасы аясында Қазақстан Индонезия туристерін, оның ішінде қажыларды тартуға мүдделі екенін атап өтті.
Шығыс Ява - Индонезия экономикасының екінші ірі қайнар көзі, сондай-ақ елдегі ең көп шоғырланған провинция (39 миллионнан астам адам).