Қазақстан мен Индонезия саясат және қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Индонезия саясат және қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2021 жылы 14 қаңтарда Джакартада Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Данияр Сарекенов Индонезияның саяси, құқықтық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министр-үйлестірушісі, проф. Мұхаммад Махфудпен онлайн кездесуді өткізді.
Кездесу барысында тараптар қорғаныс саласындағы ынтымақтастық, бітімгершілік операциялар саласындағы тәжірибе алмасу, заңнамалық базаны кеңейту, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Проф. М.Махфуд Индонезия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы ретінде 2011 жылғы қазанда Қазақстанға жасаған сапарын жылы шыраймен еске алды. Ол екі ел арасында түрлі деңгейлерде тұрақты саяси диалог жүргізіліп отырғандығын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Қазақстандық дипломат Қазақстанның Индонезияны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын баса айтты. Өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда, соның ішінде қорғаныс пен қауіпсіздік саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді. Ол сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасының әскери-өнеркәсіптік кешенінің әлеуеті туралы хабардар етті және БҰҰ-ның бітімгершілік миссиялары саласындағы Индонезияның тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдірді.
Елші жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ұқсас екендігін, Қазақстан Джакартамен аймақтық және халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты жандандыруға және тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, Елші министр-үйлестірушіні Қазақстанның 2020-2022 жылдардағы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) төрағалығының мақсаттары мен басымдықтары туралы хабардар етті.