БІТІМГЕРШІЛІКТІ БІРІКТІРЕДІ

БІТІМГЕРШІЛІКТІ БІРІКТІРЕДІ

2021 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның Индонезиядағы елшісі Данияр Сарекенов Индонезия Қарулы Күштері Бітімгершілік орталығының қолбасшысы генерал-майор Виктор Симатупангпен кездесті. Кездесу Сентул қаласында (Батыс Ява провинциясы) орналасқан индонезиялық бітімгершілердің штаб-пәтерінде өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Индонезия арасында бітімгершілік операцияларды өткізу және бітімгершілік күштерін даярлау мәселелері бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің бітімгершілік орталықтары арасында тәжірибе алмасу және тығыз байланыс орнату мүмкіндігін талқылады.

Индонезияның Бітімгершілік орталығы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірісі болып табылады және бітімгершілерді БҰҰ стандарттары бойынша даярлауға қабілетті. Соңғы 60 жыл Индонезия бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БҰҰ миссияларына белсенді қатысып келеді және осы уақыт ішінде түрлі бітімгершілік миссияларға 37 мыңнан астам адам жолдап үлгерді.