Қазақстан Индонезиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде

Қазақстан Индонезиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде

Джакарта, 2026 жылғы 16 қыркүйек - Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Жас кәсіпкерлер палатасының (KAPMI) Төрағасы Мулиансьях Абдуррахманмен және аталған ұйымның өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Елші С.Әбдікәрімов Қазақстандағы қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал туралы ақпарат ұсынып, екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективалы бағыттарын мәлім етті.

Елші 2025 жылғы 21 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Индонезия арасында қол қойылған Еркін сауда туралы келісімнің маңыздылығын атап өтті. Аталған келісімнің іске асырылуы Қазақстан мен Индонезия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге және өзара тауар айналымының өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, Елші Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-саяси реформалар туралы хабардар етіп, Қазақстан Республикасының қабылданған жаңа Конституциясының негізгі ережелерін таныстырды.

«KAPMI» Төрағасы М.Абдуррахман Қазақстанмен іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, екі елдің жас кәсіпкерлері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Индонезия тарапы жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты әрі мазмұнды диалогты қолдауға, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзара тиімді қазақстандық-индонезиялық әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделі екенін растады.