Джакартада Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Джакартада Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Джакарта, 2025 жылғы 3 желтоқсан – Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігі Индонезияның турлар және туристік агенттіктер қауымдастығымен (ASITA) бірлесіп, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және индонезиялық саяхатшылардың Қазақстанға сапарын арттыру мақсатында «Қазақстанның туристік мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Аталған іс-шараға Индонезияның 40-тан астам туристік компанияларының, халықаралық әуекомпанияларының және іскер топтарының өкілдері қатысты. Қазақстанның Елшісі Сержан Әбдікәрімов Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған жан-жақты елдік презентация жасап, еліміздің аймақтық ерекшеліктері мен бірегей көрікті жерлері туралы кеңінен баяндады.

Дипломат Индонезия азаматтары үшін Қазақстанда визасыз режимнің (30 күнге дейін) қолданылатынын атап өтіп, қатысушыларды өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға, сондай-ақ екі достас мемлекет арасындағы туристік алмасуды, іскер және адами байланыстарды нығайтуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан экономикасына кемінде 300 мың АҚШ доллар көлемінде инвестиция салған жағдайда, инвестор «алтын виза» және 10 жыл Қазақстанда тұруға рұқсат алатыны туралы мәлімдеді.

ASITA басшылығы мен Индонезияның туризм саласындағы агенттіктері Қазақстанмен өзара тиімді туристік және адами байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел арасындағы іскер әріптестікті нығайтуға жоғары қызығушылық пен дайындық білдірді.

Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға Қазақстанның бай туристік әлеуеті туралы бейнероликтер көрсетіліп, еліміздің көркем табиғи ландшафттарын таныстырған фотокөрме ұсынылды. Қонақтар ұлттық қазақ тағамдарынан дәм татып, Қазақстан туралы ақпараттық және туристік материалдар алды.