
2025 жылғы 19-20 қарашада Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігі Индонезия Вице-президентінің жұбайы Селви Ананда ханымның қамқорлығымен Women’s International Club ұйымдастырған 56-шы жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесіне (Charity Bazaar) қатысты.
Акцияға қатысқан 45 елдің Джакартада тіркелген дипломатиялық өкілдіктері мен 220 жергілікті компания өз өнімдерін Jakarta Convention Center-де орналастырды.
Ұлттық стильде безендірілген Қазақстан стенді қонақтарды еліміздің бай материалдық мәдениеті мен қолөнерімен таныстырды. Қатысушылар дәстүрлі қазақ тағамдарынан (бауырсақ, самса, шоколад, чак-чак) дәм тата алды. Қолдан жасалған сувенирлер, ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген зергерлік бұйымдар, киіз бен былғарыдан жасалған бұйымдар жоғары сұранысқа ие болды.
Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов, мұндай маңызды қайырымдылық шараға қатысу – мұқтаж жандарға қол ұшын созумен шектелмей, Қазақстанды танытуға, екі ел халықтары арасындағы достықты нығайтуға және Индонезиямен мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін тамаша алаң болып табылатынын атап өтті.
Түскен қаражаттың барлығы Индонезиядағы қайырымдылық мақсаттарына бағытталды.