Қазақстан мен Индонезия құқық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Индонезия құқық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Джакарта, 2025 жылғы 14 тамыз – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Заңнама, адам құқықтары, көші-қон және түзеу мекемелері мәселелері жөніндегі үйлестіруші министр Юсрил Ихза Махендрамен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Елші сұхбаттасушыға елімізде жүзеге асырылып жатқан заңнамалық реформалардың мәнін түсіндіріп, екіжақты қарым-қатынастың әртүрлі салаларда серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Осы ретте қазақстандық дипломат екі достас халықтың мүддесі үшін өзара визасыз жүру режимін енгізу, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, сотталған адамдарды экстрадициялау және беру жөніндегі шарттарды келісу және жасасу бойынша өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігіне назар аударды.

Үйлестіруші министр Қазақстан мен Индонезия арасында қалыптасқан жақсы қарым-қатынастың жоғары деңгейін оң бағалап, шет елдермен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде аталған бағыттар бойынша жетекшілік ететін ведомстволардың жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтып берді.

Тараптар талқыланған мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізіп, оларды іске асыру үшін практикалық жұмысты жалғастыруға уағдаласты.