Индонезия мен Қазақстан туроператорларының кездесуі: туризмді дамытуға жаңа бағыт

Индонезия мен Қазақстан туроператорларының кездесуі: туризмді дамытуға жаңа бағыт

Джакарта, 2025 жылғы 26 маусым – Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігінің бастамасымен және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының қолдауымен еліміздің туристік әлеуетін таныстыруға арналған іс-шара өтті. Іс-шараға Индонезияның жетекші туристік агенттіктері мен қазақстандық туроператорлардан құралған туризм индустриясының 50-ден астам өкілі қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы әлеуетті туристік бағыт ретінде ілгерілету, сондай-ақ екі елдің туризм саласындағы ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды орнату болды. Кездесу аясында Қазақстан мен Индонезия туроператорларының Форумын өткізуге дайындық бойынша нақты қадамдар талқыланды.

Іс-шара барысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілдері Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, 83 елдің азаматтары үшін визасыз режим, 28 елге қатынайтын 121 халықаралық әуе бағыты, The New York Times, Condé Nast Traveler және Lonely Planet сияқты беделді халықаралық басылымдарда жарияланған оң пікірлер, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра нысандарын қамтитын бай табиғи және тарихи ресурстар, сондай-ақ сегіз тілде жұмыс істейтін kazakhstan.travel ақпараттық порталы көрсетілді.

Қазақстандық Kompas, Skyway және Turan Asia компаниялары өздерінің туристік өнімдерін таныстырды, оның ішінде қалалық, экологиялық, этникалық, гастрономиялық, жеке және іскерлік (MICE) туризм түрлері, сондай-ақ ғарыштық турлар ұсынылды.

Кездесу аясындағы интерактивті сессия барысында тараптар туризм саласындағы өзекті мәселелерді, соның ішінде орналастыру, көлік инфрақұрылымы және Қазақстан мен Индонезия арасындағы әуе қатынасының қазіргі жай-күйін талқылады. Индонезиялық азаматтар үшін бағыттардың қолжетімділігін арттыру және саяхаттаудың жайлылығын қамтамасыз ету мәселелері ерекше қызығушылық тудырды.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар екі елдің туроператорлары арасында тұрақты және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін растады. Бұл бағытта тараптар индонезиялық туристердің мәдени ерекшеліктері мен туристік сұраныстарын ескеретін бейімделген турпакеттерді әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.