Қазақстан мен Индонезия: бірлескен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

Қазақстан мен Индонезия: бірлескен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер

Джакарта, 2025 жылғы 19 маусым – Индонезия Кәсіпкерлер палатасының мүшелеріне Қазақстанның инвестициялық, транзиттік және туристік әлеуетін таныстыруға арналған іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара қызығушылықты білдіре отырып, кездесу жылы әрі сындарлы атмосферада өтті.

Іс-шара барысында Елші С.Әбдікәрімов екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Индонезияның шағын және орта бизнес өкілдерімен сауда-экономикалық әріптестікті күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып, Қазақстан экономикасының басым салалары туралы баян етті: агроөнеркәсіп кешені, жаңартылатын және дәстүрлі энергетика, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және цифрландыру.

Индонезия нарығында қазақстандық өнімге деген өсіп келе жатқан қызығушылыққа, сондай-ақ экспортты дамыту мен бірлескен өндірістерді жолға қою перспективаларына ерекше назар аударылды. Қатысушыларға Қазақстанда бизнес ашу мен оны жүргізудің қазіргі жағдайлары туралы ақпарат ұсынылды, оның ішінде компанияларды тіркеудің жеңілдетілген рәсімдері, инвесторлардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қолдау құралдары таныстырылды.

Презентация барысында Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде стратегиялық маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қытайды, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ елдерін байланыстыратын логистикалық бағыттар көрсетілді, сондай-ақ индонезиялық тауарлардың жаңа нарықтарға шығуы үшін Қазақстан инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушыларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі, шетелдік инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, субсидиялар мен заманауи инфрақұрылымға қол жеткізу сияқты кең ауқымды преференциялар ұсынатын арнайы экономикалық аймақтар туралы ақпарат берілді.

Қазақстанның туристік көрікті жерлері мен елдің қарқынды дамып келе жатқан, әлемге ашық мемлекет ретіндегі имиджін ілгерілетуге бағытталған «Born Bold» ұлттық бастамасы туралы бейнеролик көрсетілді. Индонезиялық аудиторияға Қазақстанның мәдениетімен, табиғатымен және инвестициялық ахуалымен таныстыратын «Salam Kazakhstan» журналы ерекше қызығушылық тудырды.

Презентацияның негізгі бөлімінен кейін Индонезия Кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен мазмұнды әрі қызу пікірталас өтті. Оның барысында визалық режимге (оның ішінде 10 жылдық көп мәртелі виза алу мүмкіндігі), салықтық ынталандыруларға, инвестицияларды қорғауға, сондай-ақ индонезиялық бизнес қатыса алатын нақты жобаларға қатысты сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді.

Іс-шараның соңында Индонезия Кәсіпкерлер палатасының басшылығы мазмұнды презентация үшін алғыстарын білдіріп, индонезиялық іскерлік қауымдастықтың қазақстандық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатуға жоғары қызығушылығын атап өтті. Осы орайда Палата өкілдері инвестициялық ортаны, құқықтық реттеуді тереңірек зерделеу, сондай-ақ инфрақұрылыммен, өндірісті жергілікті деңгейде орналастыру мүмкіндіктерімен және бизнесті жүргізу жағдайларымен жергілікті жерде танысу мақсатында Қазақстанға іскерлік сапар ұйымдастыру жоспары туралы бөлісті.

Индонезия Кәсіпкерлер палатасы (KEIND) шағын және орта бизнестің өкілдерін біріктіріп, олардың бастамаларын ілгерілету мен іскерлік ынтымақтастықты кеңейту үшін бірыңғай платформа ұсынады. Ұйым елдің 28 провинциясын қамтиды және шетелдің 10 юрисдикциясында өкілдіктері бар. Бүгінгі таңда KEIND құрамында кәсіпкерлікті дамытуға және халықаралық экономикалық байланыстарды нығайтуға белсенді үлес қосып отырған шамамен 10 мың мүше бар.