Қазақстан «Indonesia Fashion Week 2025» көрмесіне алғаш рет қатысты

Қазақстан «Indonesia Fashion Week 2025» көрмесіне алғаш рет қатысты

Джакарта, 2025 жылғы 31 мамыр – Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі сән шараларының бірі – «Indonesia Fashion Week 2025» көрмесіне алғаш рет қатысты. Аталмыш шара 28 мамыр мен 1 маусым аралығында Джакарта қаласында өтті. Қазақстан атынан құрметті қонақ ретінде белгілі дизайнер Аида Кауменова өз бренді «Aida KaumeNOVA» аясында жаңа топтамасын ұсынды.

31 мамырда өткен эксклюзивті көрсетілім сән апталығының жарқын мәдени сәтіне айналды. «Prêt-à-porter de luxe» санатындағы топтама заманауи пішіндер мен күрделі қиылымдарды қазақ этностиліндегі айшықты элементтермен ұштастырды. Қазақ даласының табиғатынан және бай ою-өрнек мұрасынан шабыт алған дизайнер маталар, түстер мен пішіндердің үйлесімі арқылы көркемдік поэзия жасады.

Шараға 5 мыңнан астам іскер және шығармашылық қауым өкілдері, сән индустриясының сарапшылары, дипломатиялық миссиялар, БАҚ және кең жұртшылық қатысты. Қазақстандық дизайнердің көрсетілімі үлкен қызығушылық туғызып, ұйымдастырушылар мен кәсіби орта тарапынан жоғары бағаланды.

«Мұндай беделді халықаралық алаңда Қазақстанды таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл топтама – халқымның мәдениетіне деген тағзым әрі сән тілі арқылы әлеммен сұхбат», – деді Аида Кауменова.

Қазақстандық дизайнерлік мектептің қатысуы «Kazakhstan Fashion Week» негізін қалаушылар Саят Досыбаев пен Алексей Чженнің, сондай-ақ Владимир Помукчинскийдің серіктестік қолдауының арқасында мүмкін болды. Қазақстанның «Indonesia Fashion Week 2025» көрмесінде таныстырылуы елдің әлемдік сән аренасындағы мәдени бейнесін нығайтудың маңызды қадамы болды және мемлекеттер арасындағы шығармашылық, мәдени ынтымақтастықтың дамуына үлес қосты.

2011 жылдан бері Индонезия сән кәсіпкерлері мен дизайнерлері қауымдастығының (APPMI) бастамасымен өткізілетін «Indonesia Fashion Week» – ұлттық брендтер мен жаңа есімдерді әлемге танытатын өңірдің ең ықпалды алаңдарының бірі.