Қазақ жоғары модасы Индонезияны баурап алды

Қазақ жоғары модасы Индонезияны баурап алды

Джакарта, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстаның Индонезиядағы Елшілігінде атақты қазақстандық дизайнер Аида Кауменованың сән көрсетілімінің эксклюзивті алдын ала таныстырылымы өтті. Бұл іс-шара «Indonesian Fashion Week 2025» аясында қазақ жоғары сәнінің дебютіне арналды. Іс-шараны ұйымдастыру «Kazakhstan Fashion Week» негізін қалаушылары Саят Досыбаев пен Алексей Чженның, сондай-ақ олардың серіктесі Владимир Помукчинскийдің арқасында мүмкін болды. Бұл – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең беделді сән апталықтарының біріне алғаш рет қатысуын білдіреді.

«Aida KaumeNOVA» брендімен ұсынылған топтама қонақтарды қазақ мәдениетінің элементтері, талғампаз пішім және заманауи сән үрдістері үйлескен ерекше стилімен тамсандырды. «Prêt-a-porter de luxe» санатындағы киімдер табиғат пен дәстүрдің байлығын нәзіктік пен әсемдік призмасы арқылы жаңаша ұсынды. Индонезиядағы дипломатиялық корпус, іскер және қоғамдық топ өкілдері, fashion-индустрия мамандары мен сән сүйер қауым қазақ даласының рухын заманауи сән тілінде жеткізе білген әрбір үлгінің сапасына, нақыштарына және стиліне тәнті болды.

«Қазақ сәні Индонезияда алғаш рет осындай жоғары деңгейде көрсетілуін мақтан тұтамыз. Аида Кауменованың топтамасы – сұлулық пен шеберліктің көрінісі ғана емес, сонымен бірге елдеріміз арасындағы мәдени көпір», – деді Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов.

Қазақстанның «Indonesian Fashion Week 2025»-ке қатысуы ұлттық мәдениетімізді, сәнімізді және дизайнды жаһандық деңгейде ілгерілету жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.