Джакарта, 2025 жылғы 22 мамыр – Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Индонезияның Мәдениет министрі Фадли Зонмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап, болашаққа нақты жоспарлар құрды.
Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандыру мақсатында жаңартылған келісімге қол қоюға дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда Қазақстан мен Индонезияның кино күндерін, тарихи көрмелерін, эстрадалық және опералық концерттерін, сондай-ақ жоғары сән үлгілерін көрсету шараларын өткізу жоспарлануда.