Түркия, 2025 жылғы 14-23 наурыз, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы мақұлдаған Наурызнама онкүндігі аясында кең көлемде атап өтілді. Іс-шара Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтті және Түркиядағы қазақстандық студенттер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Наурызнама онкүндігінің әр күніне ерекше мән берілді. Көрісу күнін-Бурса, Қайырымдылық күнін-Балыкесир және Маниса, Шаңырақ күнін-Текирдаг, Едирне және Кыркларели, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнін-Болу және Дүздже, Ұлттық киім күнін-Зонгулдак және Бартын, Жаңару күнін-Бандырма, Ұлттық спорт күнін-Измир, Ынтымақ күнін-Коджаели, Жыл басын-Чанаккале және Тазару күнін-Ялова қалаларында білім алатын қазақстандық студенттер мерекелік іс-шаралармен таныстырды.
Мерекелік шара барысында қазақтың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті кеңінен таныстырылып, қонақтар наурыз көже, бауырсақ және басқа да дәстүрлі тағамдардан дәм татты. Сондай-ақ, жиналғандар үшін қазақтың ұлттық әндері мен күйлері шырқалып, ұлттық би қойылымдары көрсетілді.
Наурыз мейрамын атап өту аясында қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, қазақ және түрік халықтарының достығын дәріптейтін мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынылды. Шараның басты мақсаты – екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және қазақ халқының дәстүрлерін шетелде кеңінен насихаттау болды.