Ыстанбұл, 2025 жылғы 4 наурыз – Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға қала басшылығы, аудан әкімдері, негізгі басқармалар басшылары мен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы Өкілдігі қатысты.
Кездесу барысында білім, денсаулық сақтау және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы екіжақты серіктестіктің өзекті мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев қатысушыларды жүргізіліп жатқан реформалар мен олардың елдің тұрақты дамуы үшін маңыздылығы туралы хабардар етіп, сондай-ақ саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы трансформацияның негізгі бағыттарына тоқталды.
Дөңгелек үстел аясында 2024 жылғы бірлескен жұмыстың қорытындылары шығарылып, 2025 жылға арналған екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған басым бағыттар айқындалды.
Қатысушылар Бас консулдықтың бастамаларының маңыздылығын жоғары бағалады. Атап айтқанда, қазақстандық студенттер мен дәрігерлер үшін Түркияның жетекші холдингтері және медициналық клиникаларында тағылымдамадан өтулерін ұйымдастыру, домбыра үйірмелерін ілгерлету және Абай мұрасын насихаттау сынды жобалары Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға ықпал ететіндігін атап өтті.
Ыстанбұл Бас консулы Нуриддин Аманқұл қала басшылығына және Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы Өкілдігіне екіжақты ынтымақтастықты, бірлескен әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолғабыс көрсеткендігі үшін алғыс білдірді.