Түркиялық инвесторлар Қазақстанға қайта инвестиция салуға дайын екендіктерін растады

Түркиялық инвесторлар Қазақстанға қайта инвестиция салуға дайын екендіктерін растады

Ытанбұл, 2024 жылғы 25 желтоқсан – Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиевтің жұмыс сапары аясында Түркияның ірі бизнес-топтарының өкілдерімен, соның ішінде LC Waikiki, Alarko Holding, Yildiz Holding, TAV Airports Holding және S Sistem Lojistik компанияларымен жемісті кездесулер өтті.

Екіжақты кездесулер барысында түркиялық инвесторлар қолданыстағы инвестициялық жобалардың нәтижелерін жоғары бағалап, Қазақстанның сауда-экономикалық ахуалының тартымдылығын атап өтті.

Елші Еркебұлан Сапиев Қазақстанның тұрақты және болжамды инвестициялық климатты қолдауға бағытталған саясаты туралы айтты. Әрбір жоба кезеңінде инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге ерекше назар аударылатынын жеткізді. Ел экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетіп, шетелдік инвестицияларды тарту мен ұлғайтуға қолайлы жағдай жасап келеді.

Түркиялық компаниялар Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, жаңа жобаларға қайта инвестиция салу мүмкіндіктері талқылануда, бұл жобалар қазірдің өзінде пысықталу кезеңінде.

Орта мерзімді перспективада түркиялық тарап 500 миллион доллар көлемінде көлік, логистика және өндіріс салаларына инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл түркиялық инвесторлармен өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, шетелдік өкілдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.