Ыстанбұлда Қазақстанның оңтүстік өңірінің туристік әлеуеті таныстырылды

Ыстанбұлда Қазақстанның оңтүстік өңірінің туристік әлеуеті таныстырылды

Ыстанбұл, 2024 жылғы 13 желтоқсан — Ыстанбұлда қазақ-түрік туристік дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға екі елдің туристік агенттіктерінің, қонақүй бизнесінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Шараның басты тақырыбы – Түркістан облысының туристік әлеуетін ілгерілету перспективаларын талқылау болды.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов өз сөзінде туризмнің өңір экономикасындағы басты салалардың бірі екенін атап өтті. Ол заманауи туристік инфрақұрылымның қарқынды дамып жатқанын және әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуға қабілетті рухани-мәдени және туристік орталықтарды құру жоспарларымен бөлісті.

Іс-шара жаңа іскерлік байланыстар орнатуға арналған маңызды алаңға айналды. Талқылау барысында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларға ерекше көңіл бөлінді.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұриддин Аманқұл Қазақстан мен Түркия біртұтас түркі әлемінің бір бөлігі болып табылатынын, бұл ортақ дәстүрлерде, бай мәдени мұрада және ынтымақтастықты нығайтуда, оның ішінде туристік салада да көрініс табатынын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы екіжақты кездесулер болды. Онда екі елдің өкілдері ынтымақтастықты дамыту, жаңа туристік маршруттар құру және бірлескен туристік пакеттерді қалыптастыру жоспарларын талқылады.