Ыстанбұл, 2024 жылғы 6 желтоқсан – Ыстанбұлда дәстүрлі қазақ тағамы – бауырсақ дайындау бойынша аспаздық сайыс форматында ұйымдастырылған ерекше мәдени шара – "Бауырсақ party-2024" өтті. Born Bold Kazakhstan бастамасымен ұйымдастырылған іс-шараға Ыстанбұл қаласының жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттерден құралған 20-дан астам команда қатысты.
Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға ғылыми-академиялық қауым өкілдері, әртүрлі елдерден келген студенттер, сондай-ақ Ыстанбұлда тұратын қазақтар қатысты.
Іс-шара аясында қонақтар қазақтың ең танымал әрі сүйікті дәстүрлі тағамдарының бірі – бауырсақпен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қазақ асханасының басқа да элементтері ұсынылып, қатысушылар ұлттық тағамдардың дәмін татып қана қоймай, Қазақстан мәдениетімен де тереңірек танысу мүмкіншілігіне ие болды.
Акцияның мақсаты – қонақтарды дәстүрлі қазақ асханасымен таныстырумен қатар, шығармашылық бәсекелестік арқылы достық пен өзара ауызбіршілік атмосферасын қалыптастыру болды. Әрбір команда бауырсақтың дәстүрлі рецепттері мен дайындау техникасын көрсете отырып, өзіндік ерекше орындауын ұсынды.
Іс-шараның ашылуында Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нұридин Аманқұл құттықтау сөз сөйлеп, мұндай мәдени шаралардың халықтар арасындағы өзара түсіністікті қолдау мен дамытуда, сондай-ақ Қазақстанның дәстүрлерін Түркия аудиториясында кеңінен танытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Іс-шарада аспаздық сайыстардан бөлек, мәдени бағдарламалар, музыкалық және би нөмірлері көрсетілді. Бұл қазақ мәдениетінің нағыз мерекелік атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.