Қазақстандық дәрігерлердің Түркияның жетекші ауруханаларында тәжірибе алмасу жобасының жетінші кезені іске асырылды

Қазақстандық дәрігерлердің Түркияның жетекші ауруханаларында тәжірибе алмасу жобасының жетінші кезені іске асырылды

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Алматы облысынан келген кезекті 8 дәрігер 2024 жылғы 25 қараша - 6 желтоқсан аралығында Ыстанбұл қаласындағы «Medicana» клиникасында түрік әріптестерімен тәжірибе алмасты.

Қазақстан мен Түркия арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту және медициналық мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған жобаның кезекті жетінші тобының құрамына ортопедия, урология, нейрохирургия және анестезиология бағыттарындағы мамандар кірді.

Тәжірибе бағдарламасы қазақстандық дәрігерлердің кәсіби дамуына және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне заманауи тәжірибелерді енгізуге бағытталған кең көлемді бастаманың бірі болып табылады. Екі апта ішінде дәрігерлер операцияларға, лекциялар мен семинарларға қатысты. Тәжірибе алмасу медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және екі ел арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

Бас консул Нуриддин Аманқұл Алматы облысынан келген дәрігерлік топ осымен 2023 жылдан бері 7-ші болып, тәжірибе алмасуды табысты аяқтаған дәрігерлердің жалпы саны 81-ге жеткенін атап өтті. Қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталып, алған білімдерін отандық медицина саласының одан әрі дамуына ықпал ететініне сенімін білдірді.