Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Бүгін - ұлы ғалым,  Қазақстан геологтар ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, Қазақ Ғылым академиясының тұңғыш президенті және академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды.  Сәтбаев Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Оның есімі Қазақстанның өнеркәсібі мен ғылымының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Қ.И.Сәтбаев  ̶  Қазақстан жер қойнауының пайдалы қазбаларын, Жезқазғандағы мыс қорларын  ашқан алғашқы қазақ геологы, Қазақстан Ғылым Академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, Кеңес Одағының шығыс республикаларынан шыққан КСРО Ғылым академиясының тұңғыш академигі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты.

Қ.И.Сәтбаев Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған.

Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп бар. Сондай-ақ ғалымға ескерткіштер орнатылған.

Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне, қалаға берілген.

 

Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі тіпті бір ғаламшар аталған. 4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.