Түрік компаниялары Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Түрік компаниялары Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Ыстанбұл, 2024 жылғы 15 ақпан – Ялова және Бурса провинцияларының ірі 11 компаниялары Қазақстанда алюминий өнімдері, жиһаз, өндірістік  тоңазытқыштар, шынжырлар, өндірістік ферменттер, жеделсаты өндірісі және басқа да жобаларға инвестициялар салуға қатысты жаңа бастамаларды пысықтауға ниетті.

Түрік тарапымен осындай маңызды уағдаластыққа Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Н.Аманқұлдың Түркияның Мәрмәр теңізі өңірлеріне жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.

Ялова және Бурса провинцияларының губернаторлары Хулия Кая және Махмут Демирташ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды, сондай-ақ еліміздің инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, бауырлас Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дамуы үшін жан-жақты қолғабыс көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Ялова, Бандырма Он Йеди Ейлюль, Бурса Текник және Бурса Улыдаг университеттерінің ректорларымен және аталған оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттермен кездесулер өткізілді.

Жиында қазақстандық жас буынның бауырлас елде оқу барысында туындайтын өзекті мәселелері талқыланып, ортақ бастамалар туралы сөз қозғалды.

Осы ретте, қазақстандық студенттер Бас консулдықтың жаңа бастамаларын қолдайтындығын және бөлініп отырған көңілге ризашылықтарын білдірді.