Ыстанбұлда Республика күні өзгеше аталып өтті

Ыстанбұлда Республика күні өзгеше аталып өтті

         Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы ұйымдастырған мерекелік шара әлемнің ең көркем жерлерінің бірі саналатын Босфор бұғазында өтті. Ыстанбұл, Бурса, Измир және Сакарья сияқты қалаларда тұратын белсенді азаматтарымыз бен оқитын студенттеріміздің басы арнайы әзірленген және безендірілген кемеде қосылды.

         Ыстанбұлдың Үскүдар ауданы мэриясының қолдауымен «Валиде Сұлтан» кемесінде өткен салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен басталып, серуен барысында жастардың концерттік бағдарламасы және зияткерлік ойындарымен жалғасын тапты. Қазақстандықтар көңілді атмосферада бірге патриоттық әндер шырқады.

         Кештің ашылу сөзінде Бас консул Әлім Байел Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, Бас консулдықтың жыл бойы атқарған қызметі мен болашақ жоспарлар жайлы ақпарат берді. Қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығының қарқынды дамып жатқанының астын сызған Ә.Байел Түркиядағы қазақтарды оның ілгерілеуіне үлес қосуға шақырды. Дипломат биылдың өзінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Түркияға және Түркия Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапарларының өткенін атап өтті.

         Мерекелік кештің шарықтау шегі Ыстанбұлдың символы болып саналатын Азия мен Еуропаны жалғап тұрған әйгілі Фатих Сұлтан Мехмет көпірінің кемедегі көпшіліктің бірауыздан берген белгісімен Қазақстан туының түстерімен жарықтандырылуы болды. Кеменің жан-жағы да көк байрақтарымызбен безендірілді. Бұл – Түркияның Республика күнімізге деген ерекше құрметі.

         Шара соңында Бас консулдықтың жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтар мен бір жыл бұрын Ыстанбұл университеттерінде оқитын студенттерімізді біріктіру үшін құрылған «Бірлік» қазақ жастары ұйымының мүшелері алғыс хаттармен, ал ойындардың жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

         Өз кезегінде әртүрлі салаларда жұмыс істеп жүрген әрі Түркиядағы қазақстандықтар қауымдастығында белсенділік танытып жүрген азаматтар мен білімгер жастар пікірлерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.