11 наурызда қазақстандық танымал саяхатшы Дамир Көшеев және алғаш рет мұндай сапарға шыққан қазақстандық Оралхан Тынымбай Қазақстанның Түркиямен дипломатиялық қатынастар орнатуының 30 жылдығына арналған Ыстанбұл-Анкара жаяу марафонын бастады.
Д.Көшеев пен О.Тынымбай Ыстанбұлдың Абай Құнанбайұлы алаңындағы ақынның ескерткішінен бастау алған 450 шақырымдық жаяу марафонын 20-25 күнде жүріп өтуді жоспарлап отыр. Жаяу саяхаттың екінші бөлігінде Жерорта теңізі жағалауын бойлай өтетін 540 шақырымдық әйгілі Ликия жолымен жүріп өту көзделген.
Абай алаңына келген ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қызметкерлері мен қаланың қазақстандық тұрғындары жүргіншілердің бастамаларына қолдау білдіріп, ақ жол тілеп шығарып салды.
Д.Көшеев өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ыстанбұл-Анталья-Анкара бағытында 30 күнге созылған велосаяхат өткізген болатын.