Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Ә.Байел Ыстанбұл мэрімен кездесті

Қазақстанның  Ыстанбұлдағы  Бас консулы  Ә.Байел Ыстанбұл мэрімен кездесті

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Ыстанбұл мэрі Екрем Имамоғлумен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен оны дамытудың  нақты жолдары  туралы пікірлесті. 

Ыстанбұл – еліміз үшін аса маңызды шаһар. Бұл жерде қазақ диаспорасы тығыз шоғырланған, білімгерлеріміз оқиды, көптеген азаматтарымыз жұмыс істейді. Жыл сайын мыңдаған қазақ туристі келетін алып шаһар екі елдің экономикалық ықпалдастығында маңызды роль ойнайды. Қала тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, Қазақстан үшін маңызды транзиттік хаб қызметін атқаруда. 

Кездесу барысында Е.Имамоғлу Қазақстанға деген ыстық ықыласын жеткізіп, бауырлас қала Алматымен байланыстарды күшейткісі келетінін айтты. Өз кезегінде, Ә.Байел  Ыстанбұлдың қонақжайлығы  үшін  алғыс білдірді.

Айта кететін жайт, биыл Ыстанбұлдағы алаңдардың біріне ұлттық ойшылымыз Абайдың есімі берілмек. Ал келесі жылы, қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, Ыстанбұлда Қазақстан паркі ашылуы мүмкін.